Беташардың мағынасы қыз баланың жаңа өмірге қадам басып, басқа шаңыраққа еніп, қызметінің өзгергенін білдіреді. Алайда, бүгінде келін түсіру тойының мәні болып саналатын бет ашу ғұрпының сұйылып кеткендігі өте өкінішті. Беташардың аты айтып тұрғандай, келін беті ашылмай тұрып өмірдегі «статусынан» айырылмайды. Оның бетін ашудың да өзіндік мәні бар. Сөзіме тұздық ретінде Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» атты кітабынан үзінді келтірсем, «Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Беташар тойдың сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі». Қазіргі уақытта, еліміздің барлық аумағында дерлік тойды жас келін үйге түскеннен кейін бірнеше ай өткеннен кейін жасау таңсық емес. Кейбір отбасында болмаса, беташар дәстүрінің осы той күнінде іске асырылатыны айтпаса да түсінікті. Бұл — жаңа түскен келінге 2-3 ай, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы «беташар» салты жасалмайды деген сөз. Ал сонда бұған кім кінәлі? Тойға қамсыз ата-ана ма? Әлде ғұрпымызды сақтап қалуға деген енжарлық па? Сол тойға дейінгі 2-3 айда жас келін жаңа түскен жат жанұяны жатырқап, кейде оның арты отбасылық түсініспестікке апаратын да жәйттер кездеседі. Беташарға қатысты тағы бір жайт — бет ашу кезінде жас келіннің батыстың желегімен тұруы. Әдетте, жас келіннің жүзі ешкімге көрінбеуі керек емес пе? Сонда ғана ол нағыз «тосын сый» болмақ.
Бала кезімізде өтетін беташар әлі көз алдымызда. Жас келін деген біз үшін таңсық болатын. Беташар сәтінде ентелеген күйі келіншектің дидарын бір көруге зар болып, асабаның ұзын-сонар таныстыру өлеңінің бітуін күтіп тағатсызданатын едік. Онда бүгінгідей ар жағынан жүзі көрінетін желек емес, үлкен ақ жаулық жауып, оның ұшына тиын байланған мата байлап, қамшының сабына жалғайтын. Дәтке қуат, қаймағы бұзылмаған ауыл тойларынан бұндай жоралғыларды кездестіруге болады. Бірақ, қала мәдениеті оны ескішілдікке балап, оның орнын батыстың «гүл лақтыру» сияқты салтта жоқ, санадан жырақ жат әрекеттермен былғағаны қынжылтарлық жайт. Ал ең сорақысы, беташарды қазақтың қасиетті қара домбырасымен емес, синтезормен, тіпті фонограмманың сүйемелдеуімен айту тәрізді ерсі әдеттер алмастырған. «Елдің уақытын алмайық», — деп тағылымы мол ғұрыпты қысқа қайырып, «ырымдап» қана қоя салу біздің рухани құндылықтарымызды шеттетумен бара-бар. Қазақ еш нәрсені де бостан- босқа ойлап таппаған, яғни бәрінің де астарында өзінің мағынасы жатыр. Беташар салтының да киелілігі сонда, беташар — келіннің «келін» деген киелі атқа ие болуын саналы түрде мойындататын рәсім. Оқырман қауым, мүмкін сіздер өткізетін беташардың өзегі сақталған шығар. Сіздер де хат жазып, ойларыңызды білдірсеңіздер екен.