Eylül 22, 2014
 
 
 
 
 
 

Обыр

14 Mart 2012, Çarşamba / АЙША ӨТЕПАЛИ,
Add to Google

Оны ауыздықтау әзірге оңайға түспей тұрДәрігерлік бақылау мен скринингтік тексеру нәтижесінде бұрнағы жылы онкологиялық аурулардың 42,9 пайызы, былтыр 49,6 пайызы ерте кезеңде анықталып, есепке алынды. Мысалы, омырау безінің обырын анықтау мақсатында облыс бойынша өткен жылы 16085 әйел тексерілсе, соның 32-сі аталмыш сырқаттың құрығына іліккен. Сондай-ақ, жатыр мойыны обырына қарсы шара ретінде барлығы 20778 әйел тексеруден өткізіліп, 27 адамның жатыр мойыны обырымен науқастанатыны анықталды. Скринингтік тексеру нәтижесінде қаралған 40125 адамның 8-і тоқ ішек пен тік ішек обырымен ауыратын болып шықты. Бүгінде олар диспансерге келіп, кезең-кезеңімен тиісті ем-домдарын алуда.

 

Обыр — әлемдегі ең көп таралған қауіпті аурудың бірі. Зерттеуші ғалымдар бұл індеттің соңғы 20-30 жылда дүниежүзі бойынша көбейіп кеткенін айтады. Аты жаман ауруға шалдыққандар біздің өңірімізде де аз емес. Жақында өткен актив жиынында әкім Нұрлан Ноғаев осы жағдайға баса назар аударып, облыс онкологтарынан нәтижелі жұмыс талап етті. Осыған орай, таяуда біз облыстық онкологиялық диспансерге барып, ондағы жұмыс барысымен таныстық.

Аталмыш аурухананың бас дә-рігері Есенгелді Рабаевтың айтуынша, өңірімізде қатерлі ісік ауруына шалдыққандарды емдеу қызметі 1957 жылдан басталған. Қазіргі радиологиялық бөлімде жарты ғасырдан астам обыр дертін емдеп, мол тәжірибе жинақтаған облыс онкологтары былтыр жергілікті әкімшіліктің көмегімен жайлы орынға жайғасты. 180 орындық жаңа ғимарат соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 55 орындық ота жасау, 60 орындық химиотерапиялық, 35 орындық радиологиялық және 30 орындық паллиативтік бөлім аталмыш дерттің құрығына іліккендерді емдеу жұмысымен айналысады.

Бұдан басқа аурухана жанындағы арнайы емханада Ораз Жәлелұлы бастаған бір топ медицина қызмет-керлері обыр ауруының алдын алу жұмысымен айналысып, науқастарға сапалы қызмет көрсетуде. Онко-логиялық диспансер құрамында барлығы 29 дәрігер және 102 медбике бар. Олардың барлығы да обыр ауруын емдеу бойынша арнайы маманданған. Ауруханадағы қазіргі заманға сай итальяндық «Siootto», «Mammotest» және жылжымалы «Alpha ST» атты мамографиялық жаңа құрылғылар омырау безін ертерек анықтауға мүмкіндік берсе, компьютерлік томографияның ішкі құрылыс органдарында кездесетін ісік ау-руларының алдын алу ісінде үлкен көмегі бар. Мұндағы соңғы үлгіде жасақталған патоморфологиялық лаборатория да ісік деңгейін дәл анықтап, дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоюына себепші болуда. Ал анықталған ауруды емдеу қашан да жеңіл әрі нәтижелі болатыны белгілі. Қатерлі ісік ауруымен ауыратындардың ғұмырын ұзартуда хирургия бөліміндегі заманауи құрылғылар мен радиология бөліміндегі «CLINASM», «MultiSource HDR» секілді сәулемен емдейтін жаңа аппараттардың ықпалы мол.

6000-ға жуық адам есепте тұр

Соңғы үш жылдың қорытындысы-на қарасақ, облыс бойынша жылына обыр ауруымен ауыратын 1200-1250 адам есепке алынады екен. Бүгінгі таңда облыс бойынша 6000-ға жуық адам қатерлі ісік ауруымен есепте тұр. Олардың бірқатары мұнда науқастануы себепті емдеу орындарының жолдамаларымен келсе, тағы бір бөлігінің осы дертке шалдыққаны дәрігерлік бақылаудан өткен кезде анықталған. Үшінші біреулердің сырқаты скринингтік тексеру нәтижесінде анықталып, дереу ем-шара алуға жолданды. Қатерлі ісік ауруы неғұрлым ерте кезеңде анықталса, соғұрлым сол дерттен тәуір болу мүмкіндігі мол. Сондықтан өзін нашар сезінген адам тез арада дәрігерге қаралуы тиіс.

Дәрігерлік бақылау мен скринингтік тексеру нәтижесінде бұрнағы жылы онкологиялық аурулардың 42,9 пайызы, былтыр 49,6 пайызы ерте кезеңде анықталып, есепке алынды. Мысалы, омырау безінің обырын анықтау мақсатында облыс бойынша өткен жылы 16085 әйел тексерілсе, соның 32-сі аталмыш сырқаттың құрығына іліккен. Сондай-ақ, жатыр мойыны обырына қарсы шара ретінде барлығы 20778 әйел тексеруден өткізіліп, 27 адамның жатыр мойыны обырымен науқастанатыны анықталды. Скринингтік тексеру нәтижесінде қаралған 40125 адамның 8-і тоқ ішек пен тік ішек обырымен ауыратын болып шықты. Бүгінде олар диспансерге келіп, кезең-кезеңімен тиісті ем-домдарын алуда. Қатерлі ісік ауруына шалдыққандар алғашқыда үш айда бір рет тексерілсе, кейінірек алты айда бір, одан соң жылына бір рет арнайы тексеріліп тұруы тиіс.

Обыр ауруының пайда болу себебі мен оны біржолата жазып шығу мәселесімен айналысып жүрген ға-лым-дәрігерлер әлемде баршылық. Бірақ, өкінішке орай, дәл қазіргі күні бұл ауруды түпкілікті жеңіп шығу мүмкін болмай тұр. Әйтсе де, бұл аурумен күрес жұмысы бүкіл дүниежүзі бойынша ешуақытта тоқтатылған емес.

— Аурудың бұл түріне шалдық-қандар санын азайту және өлімді шектеу үшін бүгінде біз кешенді шара қолданып жатырмыз. Осы мақсатта біз адам денсаулығына теріс әсер ететін барлық факторларға қарсы күресе отырып, қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға күш салудамыз. Біріншіден, биылдан бастап, облыс көлеміндегі әрбір адамды мекенжайы бойынша қатерлі ісік ауруына эндоскопиялық жолмен тексеруді жоспарладық. 2003 жылдан бері қолға алынған әйелдерді мамографиялық тексеру жақсы нәтиже берді. Осы тексеру-дің нәтижесінде омырау обырына шалдыққандар ертерек анықталып, дер кезінде емделу нәтижесінде олар сауығып кетті. Егер облыстың әр тұрғынын эндоскопиялық тексеруден өткізсек, онда өкпе, қолқа, асқазан, ішек, бауыр обырының да алдын алуға болады. Екіншіден, бұрын қатерлі ісік ауруымен ауыратын ауыл тұрғындары қажетті дәрі-дәрмектерін облыс орталығына келіп алатын болса, биылдан бастап олар дәрілерін өздерінің тұрғылықты жерлерінен алатын болады. Үшіншіден, бүгінгі таңда барлық аудан орталықтарын-да маманданған онколог-дәрігерлер жұмыс істейді. Мұның өзі өңірімізде қатерлі ісік ауруының азаюына өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, облыс орталығындағы онкологиялық диспансердің заманауи құрал-жабдықтармен толық қам-тамасыз етілуі де аталмыш аурумен ауыратындар санын шектеп, өлім жағдайын азайтуы тиіс, — деді Есенгелді Рабаев.

«Ерте емделсеңіз, жазыласыз»

Қатерлі ісік ауруын ауыздықтау бағытында жүргізілген ауқымды жұ-мыстың нәтижесінде облыс көле-мінде қатерлі ісікке шалдығушылар бүгінде 1,7 пайызға төмендеп, аталмыш аурудан ажал құшқандар саны 22,7 пайызға азайды. Бұл ауруға шалдығатындардың 70-80 пайызы 60 жастан асқан адамдар. Облыс бойынша ең көп таралған түрі — өкпе обыры, екінші орында омырау, жатыр мойыны, содан кейін өңеш, асқазан, сондай-ақ, тік ішек обырымен ауыратындар жиі кездеседі.

— Біздің ауруханада бүгінде обыр-дың қай түрі де кешенді түрде емделеді, — дейді облыстық онкология-лық диспансердің емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Нұрлан Төлемісов.

— Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында аурудың диагнозын да өзіміз дәл қоюға қол жеткіздік. Бұрын обыр ауруымен көбінесе көрші Ресей еліне барып емделетін. Бүгінде науқастар жергілікті онкологиялық диспансерге дәрігердің жолдамасы арқылы келіп, ақысыз қарала алады. Тексерілу барысында ауру түрі расталған жағдайда, бізде науқасқа тегін дәрігерлік көмек көрсетіледі. Онколог-дәрігер ретінде айтарым — аты жаман аурудан құтылудың ең оңай жолы — дәрігерлік тексеруден жиі өтіп тұру. Обырдың қай түрі болса да, ертерек емдесе, жазылады. Мысалы, базалиома (терінің қатерлі ісігі) обырына шалдыққандар арасында 5 жылдай есепте тұрып, мүлдем жазылып шыққандар бар. Әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Өзін-өзі күтіп, мезгілімен дұрыс тамақтанса әрі ішімдік ішу мен шылым шегуден аулақ жүрсе, ондай адамға аурудың қай түрі де жоламайды. Науқас адам өзіне-өзі ғана емес, айналасындағы жақын-жуықтарының қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді. Ұзақ уақыт ауырған адамның өзін ешкімге керексіз сезінетіні рас. Сондықтан әр адам ауырмауға тырысуы керек. Ол үшін салауатты өмір сүру салтын сақтап, спортпен айналысуы керек. Бұл жөнінде атам қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп баяғыда-ақ айтып кеткен.

Отаның түр-түрі жасалады, бірақ...

Біздің қазақ—денсаулығына нем-құрайлы қарайтын халықтың бірі. Қатерлі ісік ауруына ұшырағанын сезіп тұрса да, дәрігерге олар ауруын әбден асқындырып алып келеді. Біздің облыста жылына шамамен 1200-дей адам обырмен ауырады дейтін болсақ, соның 14-15 пайызы аурудың соңғы 3-4 - кезеңіне жеткенде бір-ақ қаралады. Бұл кезде қатерлі ісіктің бетін қайтару қиынға түседі. Диспансердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Тайман Амановтың айтуынша, мұндай науқастарға да ота жасап, сәулемен және басқа да жолдармен емдеп, өмірлерін ұзарту шаралары жасалады. Ал қатерлі ісіктің 1-2 кезеңінде науқастардың жазылып кету мүмкіндігі мол. Ісіктің көлемі 2 см-ден аспаса, оны алып тастағаннан кейін науқас жазылып кетеді. Сондықтан әр адам ауырып емес, ауырмай тұрып алдын ала дәрігерге қаралуы тиіс. Сонда ғана қоғам ауру-сырқаудан тазарып, салауатты өмір салтанат құрады.

Бүгінгі таңда диспансердің хирургия бөлімінде отаның небір күрделі түрі жасалады. Былтыр обырдың әр түріне 600-ге тарта ота жасалған болса, биыл 800-ге жуық ота жасау жоспарланып отыр.

Полигоннан да келген пәле көп

— Орал өңіріндегі «Капустин яр», «Азғыр» секілді атом полигонының сол маңайдағы елге тигізген зардабын жұрттың бәрі біледі. Аталған полигондардың кесірінен облысымызда орта есеппен 2000-ға тарта бала кемтар боп туды. Радиацияға ұшырап, жастайынан мүгедек боп қалғандар қаншама? Олардың саны бүгінде 5000-ға жуық.

Аталған полигондардың адам-дарға тигізген әсерін анықтаған ғалымдардың сол кездегі мәлімде-месін оқыған адамның төбе шашы тік тұрады. Кейін ел азаматтары бар, ғалымдар бар, бәрі бірігіп, осы ажал апанының аузын жапты. «Нарын қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде мен бұл жөнінде талай үлкен жиындарда айттым, осы мәселемен Елбасының қабылдауында да болдым.

Содан кейін 2004 жылдан бастап ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар-баевтың тапсырмасымен полигоннан зардап шеккендер үшін облыстық бюджеттен қаржы бөліне бастады. Осы әлеуметтік көмекті мүгедектер әлі күнге дейін үзіліссіз алып келе жатыр. Сондай-ақ, 2009 жылы атом полигонынан зардап шеккендер үшін Жаңақала ауданында сауықтыру орталығы салынды. Бүгінде облыс тұрғындары сол орталықтың игілігін көруде. Мен соңғы кездері өңірімізде күрт көбейіп кеткен обыр ауруын осы атом полигонының әсері деп білемін. «Капустин яр» мен «Азғырдың» зардабы қашан сейілерін кім білсін? — дейді «Нарын қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кәкен Көбейсінов.

Ресми тіркелмегендіктен, рұқсат жоқ

Бір кездері АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея ғалымдары обырдың жолын кесуге әрекет жасағандарымен, ол тек сынақ күйінде қалды. Былтыр Украина ғалымдары обыр ісігін жоятын вакцина ойлап тауыпты. Бұл вакцина ағзаға енгізілгеннен кейін адам бойындағы қатерлі ісіктерді анықтап, оны одан әрі дамытпай, дер кезінде «өлтіріп» отырады екен. Аталмыш вакцинаны ектіріп, сынақ жасатқан 3000 украиндықтың бірі өзін обырдан осы вакцинаның құтқарғанын айтыпты. Бірақ, обырдан құтқаратын бұл дәрі Украинаның денсаулық министрлігінде түрлі себептермен әлі күнге дейін тіркелмеген көрінеді. Осыған байланысты аталмыш вакцина әзірге обырға қарсы ем ретінде еш жерде қолданылмайды.

 
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар